«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Жұмысқа тұрудың негізі

2016 жылғы 18 Сәуір
- Ақмола облысы
7905 просмотров

Өңірлік кәсіпкерлер палатасы мен Ш.Уәлиханов атындағы КМУ-ға қарасты Карьера орталығы бірлесіп, «Карьера күні» атты шара өткізді

Акцияның атауы іс-шараның не мақсатпен болып жатқанын айтып тұр. Ол студенттердің жұмысқа тұруына септігін тигізетін, түлектердің жұмыссыз қалмауына игі ықпал ететін шара. Әрі жұмыс беруші серіктестермен тығыз қарым-қатынас орнатуға жол ашпақ.

Шараның аясында студенттер мен өңірдегі түрлі мекемелердің, екінші деңгейлі банктердің басшыларымен диалог болып өтті. Түрлі саланың бас сарапшылары мастер-класстар өткізді.  

Мұқтаж аудитория өз кәсібін ашып, оны жүргізудің мүмкіндіктері туралы да мол ақпарат алды. Ары қарай өз мамандығына сай жұмыс табудың тетіктерін білді.

«Бұл шараны ұйымдастырудағы басты мақсат – жастардың жұмысқа тұруына көмектесу. Жұмыс іздеудің бір түрі деп те қарастыруға болады. Стратегиялық тәсіл. Көптеген компаниялар бос орындар жәрмеңкесіне қатысады. Өздеріне қажетті мамандарды іздегендіктен емес, өз ұйымының кадрлық резервін қалыптастыру үшін де қатысады», – деді өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры орынбасары Айжан Тәжмиева.

Акцияның тиімділігі тәжірибе жүзінде дәлелденді. «Менің ұйымдастырушылық қабілетім, өмірлік тәжірибем бірден белсенді, мақсатшыл жастарды іріктеп алуға көмектесті. Ертең олар біздің салаға жаңа леп әкеп, креативтілігімен көзге түсуге жол ашық», – дейді «АТФ Банк» АҚ бөлімше директоры Гүлмира Сауытбекова.

«Біздің басқа да мақсатымыз болған – дуалды оқыту барысында серіктестікті дамыту, – деді Айжан Тәжмиева. – Бүгінгі таңда өңірдегі 41 кәсіпорын «Дуалды оқытудың жол картасы» бағдарламасының мүшесі. Сол бағдарлама аясында техникалық және педагогикалық оқу ордаларымен 44 үшжақты келісімге қол қойылды. Шамамен 800 түлекті қамтыған келісім боп тұр. Енді біз жоғарғы оқу орындарымен де серіктестікті орнатуға бел буып отырмыз».

Дуалды оқыту жүйесі бойынша студенттер әлдеқайда терең білім алады. Таңдаған мамандығы бойынша тәжірибесі де тиянақты өтеді. Бұл жүйе бойынша студенттер оқу уақытынң тең жарымын тәжірибеге жұмсайды. Тәжірибені ертеңгі күні жұмысқа тұратын кәсіпорында өткізеді. Бұл студенттерге оқу бағдарламасын толыққанды игеруге ғана көмектесіп қана қоймай, мол тәжірибе жинап, кәсіби біліктілігін көтеруге септеседі.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер