«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Шаруалар партаға отырды

2016 жылғы 14 Шілде
- Ақмола облысы
6233 просмотров

Облыста ауылшаруашылық тауарларын өндірушілерге арналған оқу семинарлары басталды

АӨК субъектілеріне инновация мен агробизнесті тиімді жүргізудің негізін оқыту «Атамекен» ҚР ҰКП жанынан құрылған Агробіліктілік орталығының бастамасы еді.

Зеренді, Есіл, Бұланды, Шортанды сияқты төрт ауданда семинар өтті. Ондағы мықты қожалықтар іріктеліп, дәрістер оқылып, тәжірибе көрсетілді.

Нақты айтқанда, Зеренді ауданындағы «НемАЦ» (неміс агроорталығы) ЖШС-да өткен үш күндік семинар кезінде Германиядан шақыртылған Антон Штадлер картопты егу мен сақтаудың жаңа технологиялары туралы айтып берді. Неге картоп? Ауыл шаруашылығы жұмыстарын жүргізген кезде тарихи тұрғыда зеренділіктер егін егуден бөлек картоп егумен де айналысады, соған маманданған.

Әлемдік тәжірибеде картоп егу мен жинаудың алдыңғы қатарлы он шақты технологиясы қолданылады. Картоптың өсімі көп болуына не әсер етеді, тың жерде егу, уақытылы тыңайтқыш сеуіп, зиянкестерден арылтып отыру, түрлі ауруларды алдын алу, суғару технологиясы – осы тақырыптарды семинар барысында Антон Штадлер қозғады. Әрине, басқа да қалып кеткен тақырыптар болды. Дегенмен, семинар аяғында қатысушылар картоп алқабына барып, алған білімдерін тәжірибеде көрсетіп жатты.  

Бұланды ауданындағы «Журавлевка» ЖШС және Есіл ауданындағы «Заречное» ЖШС-дағы семинарда Солтүстік Қазақстанның ауа райына орай жем-шөп сақтау технологиясына қатысты тақырыптар әңгімеленді.

Семинар аяқталған соң Есіл аудандық «Қалқаман Ел» атты шаруа қожалағының иесі Қайрат Бұқанов лебізін білдірді. «Көп жылдық тәжірибеме қарамастан, мен білмейтін дүние әлі де ұшан-теңіз екен. Біз өз бизнесімізді бастаған кезде ешкім ештеңе үйреткен жоқ. Неден бастау керек, не өсіресің деп сұраған адам болмады. Нені өсірген пайдалы екендігін білмедік. Семинарға қатыс деп ұсыныс келгенде, еш ойланбастан келістім. Мұнда еститінім маған ерте ме, кеш пе сабақ болатынын түсінемін. Пайдалы ақпараттар алдым. Тек маған ғана қызық болған жоқ. Қатысушылардың әрбірі көкейіндегі сұрақтарын Александр Марковқа, «Заречное» ЖШС-нің бас агрономы Александр Гузенкоға қойып үлгергісі келді. Менің түйгенім: дәрістер өте пайдалы, тәжірибеде көрсетілген нәрселер – маңызды болды! Оқыған материалдарды енді өз тәжірибемде қолданып көретін болам» – деді кәсіпкер.

Шортанды ауданы «Новокубанское» ЖШС-да өткен семинар бағдарламасында дәнді дақылдардың өнімділігін арттыру мен әртараптандыру тақырыптары қозғалды.

Тренингке қатысушылар осындай кездесулер келешекте де болып тұрса деп үміт артты. Өңірлік Кәсіпкерлер палатасындағы ауылшаруашылық кешені бөлімінің бастығы Гүлмира Жазинаның ақпараты бойынша, Ақмола облысында екі айдың ішінде 25 семинар өткізілмекші. Оларда да өңірлік ерекшелік есепке алынып, барлық ауданды қамтуға тырысады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер