«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Абылай Мырзахметов Премьер-министрге бизнес ортаның қазіргі жағдайын баяндады

2016 жылғы 16 Тамыз
- Алматы қаласы
10271 просмотров

ҚР Премьер-министрі Кәрім Мәсімов Алматы қаласына жасаған жұмыс сапары барысында жергілікті бизнес-қоғамдастықпен кездесті

Кәсіпкерліктің қазіргі жағдайы мен өзекті мәселелері жөнінде «Атамекен» ҚР ҰКП басшысы Абылай Мырзахметов баяндады.

«Инфляциялық таргеттеу саясатына байланысты сұраныстың қысқаруы орын алды. Оған бюджет шығындарын, Ұлттық компания шығындарын қысқарту жатады. Осыған байланысты екі ай бұрын, Кәрім Қажымқанұлы, сіздің тарапыңыздан екі мәселені қарастыру тапсырылған болатын. Біріншісі – ішкі сұранысты барынша ынталандыру. Бұл бағыттағы жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Әкімдікті қоса алғанда барлық өңірлерде Қазақстандық қамту комиссиясы құрылды. Батыс өңірлерде Жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алу жөніндегі комиссиясы жүргізіліп, бұған алматылық машина жасау компаниялары да қызығушылық танытып отыр. Қыркүйек айының ортасында барлық мәліметті қорытындылап, жұмыстың жүру барысы туралы баяндауға әзірміз. Екінші мәселе – отандық экспортты жақын елдерге шығаруды барынша күшейту. Шикізаттық емес сектор шағын және орта бизнесті ынталандыра алатыны айтпаса да түсінікті, Ресей – біздің бас серіктесіміз. Бұл, бірінші кезекте, Қытай, азық-түлік өнімдері, бұл Иран мен біздің көршілеріміз, Орталық Азия мемлекеттері. Аталған бағыт бойынша да көптеген жұмыстар жүргізіліп жатыр. Өткен жылы біз Өңірлік даму картасын жасадық, биылғы жылы оның онлайн түрін таныстырып отырмыз. Бұл сынақ режимінде жұмыс істейді. Ол жерде 160 мың қаралым болған, оның 10 мыңы – шетелдік инвесторлар. Біз Өңірлік картаны елшілікке, өзіміздің Сыртқы істер министрлігіндегі өкілдер мен шетелдіктерге таныстырдық. Өңірлік картада еліміздің барлық аймағынан 295  инвестициялық жоба жиналды», – деп хабарлады Абылай Мырзахметов.

Сондай-ақ, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басшысының айтуынша,  Премьердің қадағалау және бақылау функцияларын тексеру бойынша берген тапсырмасы кең көлемде жүріп жатыр. Мысалы, кәсіпкерлерді мемлекеттік органдардың түрлі тексерулерінен барынша босату мақсатында ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаевтың қатысуымен Жұмыс тобы құрылды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде шілде айының өзінде бизнестегі салықтық тексеру саны екі есеге азайған. Егер күн сайын мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлері 79 тексеру жүргізсе, қазіргі таңда тексерулер саны 23-ке дейін төмендеген. Сондай-ақ жалған кәсіпкерлік ісі бойынша прокуратурада тіркелгендер саны екі есеге қысқарған. 65-тен аса қылмыстық іс жабылып, бизнеске қысым түсіруді азайту туралы ҚР Бас прокуратурасымен тығыз байланыс орнатылды.

«ҰКП билікпен тығыз байланыста, министрліктер мен ведомстволардың барлығымен қарқынды жұмыс жүргізіліп жатыр. Барлығы да оң нәтиже көрсетіп отыр деп сеніммен айта аламыз», – деп түйіндеді «Атамекен ҰКП басшысы.

Жиналыста кәсіпкерлер де сөз сөйледі. Кәрім Мәсімов кәсіпкерлердің пікірін мұқият тыңдап, «Атамекен» ҚР ҰКП мен мемлекеттік органдардың бірлесіп жасаған жұмыстарына оң баға берді.

«Ешқандай ойдан шығарылған нәрсе емес, барлығы өмірде кездесіп жатқан мәселе. Қыркүйектің ортасында Үкіметте, ҰКП қатысуымен, кәсіпкерлікке байланысты отырыс өткіземіз. Бізге кәсіпкерлердің мәселелері мен ұсыныстары қорытындыланған кешенді бағдарлама қажет. Бір айдың ішінде осы аталған мәселелердің барлығын шешуге тырысу керек. Егер шешілмесе, Үкіметтің қыркүйекте өтетін кеңейтілген отырысында басқа да шешу жолдарын қарастыратын боламыз», – деп қорытындылады ҚР Премьер-министрі.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер