«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Ақмола облысында бизнесті дамытудың талаптары анықталды

2018 жылғы 21 Мамыр
- Ақмола облысы
4749 просмотров

Қазақстан Республикасы Мәжілісі Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің Ақмола облысы Шортанды ауданында өткен жиынында бизнес жүргізуге арналған талаптарды жақсарту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту мәселелері қаралды

Бүгінде өңірде жұмыс істеп түрған кәсіпкерлік субъектісінің саны шамаман 42 мыңға жеткен.

Облыс әкімінің орынбасары Қанат Ыдырысовтың айтуынша, 2017-2019 жылдарға арналған бизнес жүргізу мен жаппай кәсіпкерлікті, оның ішінде отбасылық кәсіпкерлікті дамытудың талаптарын жақсарту бойынша жоспар бекітілген.

Жиында министрліктер, қаржы институттары, қоғамдық ұйымдар өкілдерінің баяндамасында бизнесті ынталандыру аясында атқарылып жатқан жұмыс тақырыбы қозғалды.

Мысалы, ҚР Ұлттық экономика министрлігі Кәсіпкерлікті дамыту департаменті орынбасарының міндетін атқарушы Шыңғыс Ахметов келтірген мәліметтерге сүйенсек, бүгінде бизнестен талап етілетін есептік құжаттардың саны 30%-ға қысқарған. Келешекте бұл процесс автоматтандырылуы мүмкін. Бұл бағыттағы ауқымды жұмысты «Атамекен» атқарған.

«Ешкім ешқашан да бизнеске қанша талап қойылатынын түсінбеген. Біз санап бастаған едік, нәтижесінде 30 500-ге жуық талапты анықтадық. Бұл сан түгелдей емес. Біз осы талаптарды сәйестендіру бойынша ауқымды жұмыс атқардық, оның ішінде қайсысы қажет екенін анықтадық. Нәтижесінде, талаптардың 50%-ға жуығын алып тастадық», – деп атап өтті «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Рустам Жүрсінов.

Рустам Жүрсінов Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бизнестен түсетін шағымдарға қатысты атқаратын жұмысына тоқталды.

«5 жыл ішінде мемлекеттік органдардың түрлі әрекетіне қатысты 22 мыңға жуық шағым алдық, оның ішінде 41%-ын шештік. Мұншама шағым туындамауы тиіс екендігін атап өткім келеді, оларды бейбіт жолмен де шешуге болар еді. Егер осы даулардың капитализациясын бағаласақ, жалпы сомасы 92 млрд теңге. Бұған айыппұл, өсімақы жатады. Соңғы жылдары шағымдар азайып келеді. Шағымның сипаты да өзгеруде», – деді Рустам Жүрсінов.

Басқарма Төрағасының орынбасары қоғамдық бақылау, бизнес нысандарын сақтандыру жүйесінің мәселелерін де көтерді.

Жиында «Бастау» жобасына қатысу талқыланды, онда былтырғы жылғы кемшіліктер ескерілген, 2018 жылдан бастап қатысушылар өткізетін құжаттар саны қысқарды.

Бизнес өкілдері сөз сөйлеп, түйткілді мәселелерді ортаға салды.

«Аудан тұрғыны ретінде несие алу үшін шалғайға қатынауымыз керек. Кәсіпкерге несие өтінімін растау үшін бірнеше рет баруына тура келеді, сонымен қатар кепілдік қамтамасыз етуді де көрсетуі тиіс. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының аясында қаржыландыру үшін еліміздің кез келген банкіне «онлайн» режимде өтінім беру мүмкіндігін қарастыруды сұраймыз», – деп ұсыныс білдірді кәсіпкер Вадим Волокитин.

Жиынға қатысушылар Шортанды аудандық орталығында орналасқан бизнес объектілерін аралады. Соның бірі – бидай сақтау және қайта өңдеу ісімен айналысатын «Даржан групп» ЖШС.

Компания өкілі кәсіпорын туралы таныстырып, бүгінде өнімді өткізуде қиындық бар екенін жасырмады. Осы тақырыпты Ақмола облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Қайрат Сұлтанов жалғастырды. Азық-түлік корпорациясы ауыл шаруашылығы өндірушілерімен дәл қазір, осы көктемде келісімшарт жасау ұсынысын берді. оның айтуынша былтыр күзде түсініксіз жағдай орын алған, бидай бағасы анықталмаған.

Іс-шараға қатысушылардың айтуынша кездесу өте маңызды өтті, ең бастысы алдағы жұмыста ескеру үшін бизнестің пікірі тыңдалды.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер