«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Вирус өршуі бәсеңдесе де қауіпсіздікті ұмытпау керек

2021 жылғы 25 Тамыз
- Ақмола облысы
25392 просмотров

Ақмола облысындағы кәсіпорындарда қызметкерлер арасында коронавирусқа қарсы вакцина салдыру науқаны жалғасып жатыр. Бүгінде жаппай иммунизация жүргізіп жатқан өнеркәсіптік кәсіпорындар қатарына туризм саласының нысандары қосылды.

Өңірде вакциналау науқанына белсенділік танытып, қызметкерлері вакцина салдырған алғашқы ұйымдардың бірі – «Оқжетпес» емдеу-сауықтыру кешені. Компанияда 250-ге жуық адам жұмыс істейді. Қызметкерлердің барлығы дерлік «Спутник V» вакцинасының екі компонентін салдырған.

 Вакцинаны алғашқы болып Қайрат Беркінбаев салдырды, сол күні тағы 20 қызметкер де екпе алды.

 «Вакциналау – өмірлік маңызды шешім. Қызмет саласында жұмыс істейтін кәсіпорындардың қатері жоғары. Ковидті тұрмыстық жағдайда жұқтырып алумен қоса, бізге түрлі өңірден қонақтар келетіні белгілі. Сондықтан біздің шипажай қызметкерлері ұжым және қонақтар қауіпсіздігі үшін бір ауыздан вакциналау науқанына қатысты», – деп атап өтті компанияның вице-президенті Яков Стерлигов.

«Жұмбақтас» пансионаты» ЖШС-да ұжым иммунитетін күшейту мәселесіне жауапкершілікпен қарап, шілде соңына қарай ұжымдағы барлық 57 қызметкер вакцина салдырды.

 «Вакциналау баршаға қажет. Қоғамда осы мәселеге күмәнмен қарау неліктен туындайтыны түсініксіз. Бәріміз тезірек вакцина салдырсақ, соғұрлым тез қалыпты өмірге ораламыз», – дейді пансионат директорының орынбасары Ирина Червенко.

Айта кетейік, өңірде бүгінде вакцинаның бірінші компонентін 250 мыңға жуық адам екіншісін 196 мыңнан аса адам салдырды.

 «Қазіргі эпидемиологиялық ахуалға байланысты кәсіпкерлік субъектілері де сол жағдайға бейімделуі тиіс. Вирустың өршуі болмашы төмендесе де, бұл босаңсуға негіз болмауы шарт. Мұндай сұрапыл індетті ұжымдық иммунитетті қалыптастыру арқылы ғана жеңуге болатынын түсіну керек. Халықтың басым бөлігі, соның ішінде бизнес нысандардың қызметкерлері вакцина салдырса ғана оң нәтижеге қол жеткізуге болады», – дейді Ақмола облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Ерқанат Мұсылманбек.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер