«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Ақмолалық кәсіпкерлер көктемгі дала жұмыстарына кедергі болатын проблемалар туралы айтты

2022 жылғы 10 Наурыз
- Ақмола облысы
20497 просмотров

10 наурызда Ақмола облысында «Атамекен» басшысы Райымбек Баталовтың қатысуымен өткен онлайн-кездесу барысында егіс науқанына дайындық мәселелері талқыланды.

Ақмола облысы елдің басты астық қоймаларының бірі. Өңірде шаруашылықтар дала жұмыстарын жүргізуге дайын, алайда қалыптасқан жағдайларды ескере отырып, диқандар өзекті мәселелерін ортаға салды.

Фокус-топпен кездесудің басты мақсаты — агроқұрылымдар, ірі шаруашылықтардың өкілдері, өсімдіктерді қорғау құралдарының химиялық препараттарын жеткізушілер, қосалқы бөлшектер, басқа да ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен бірлесіп, жедел ақпарат жинау, диқандардың алаңдататын проблемалары туралы алдын-ала білу, дағдарысқа қарсы штаб шеңберінде басым бағыттар мен шешімдерді белгілеу.

 Жиында ақмолалық өндірушілер проблемаларын айтты. Өңірлік кеңестің төрағасы, «Еңбек» ЖШС директоры Қуаныш Рақышев соңғы үш жыл бойы өңірде құрғақ климаттық жағдайлар байқалып жатқанын, бұл өнім көлемі мен өсімдік шаруашылығы өнімдерінің сапалық көрсеткіштеріне теріс әсер еткенін айтты.

 «Ақмола облысы бағзы заманнан бері өсімдік шаруашылығы саласында қауіпті аймақта тұр және климаттық жағдайға тәуелді. Субсидиялау және жеңілдікпен несиелеу түрінде берілетін мемлекеттік қолдауды алып тастауға болмайды. Өйткені бұл жалпы ауылшаруашылық өндірісінің тиімділігіне теріс әсер етуі мүмкін. Іске асырылып жатқан субсидиялау және несие беру бағдарламаларын 2021 жылғы деңгейде қалдыру қажет. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы министрлігі мен басқа да мемлекеттік органдар тарапынан бизнестен түсетін барлық ұсынысқа жедел әрекет ету, әкімшілік кедергілерді алып тастау және қысқа мерзімде дұрыс шешім қабылдау қажет, өйткені бұл азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі», – деп мәлімдеді Қуаныш Рақышев.

 «Бастау» ЖШС директоры Данияр Мұқышев өткен жылдармен салыстырғанда көктемгі егіс жұмыстарын қаржыландырудың жеткіліксіздігін атап өтті. Спикердің пікірінше, бұл жайт валюта бағамының өсуі, Ресейдің тыңайтқыштар экспортына тыйым салуы, газ, металдар, өсімдіктерді қорғау құралдары, тыңайтқыштар, қосалқы бөлшектерді өндіру бағасының қымбаттауымен байланысты. Данияр Мұқышев ведомствоаралық жұмысты премьер-министр, «Атамекен» ҰКП, Қаржы министрлігі мен Ауыл шаруашылығы министрлігінің қатысуымен ең жоғары деңгейде жүргізуді ұсынды.

 «Проблемалар бойынша дағдарысқа қарсы жедел штаб құрылғаны баршаңызға белгілі. Бүгінде көлік-логистиктикалық бағыттағы көптеген мәселені шеше алдық. Соңғы оқиғалар аясында көктемгі дала жұмыстарына дайындық мәселелері де өте өзекті. АӨК саласында да поблема көп. Сондықтан біз бүгін Үкімет, Ауыл шаруашылығы министрлігімен белсенді жұмыс істеп жатырмыз, белгілі бір келісімге қол жеткіздік. Басты міндетіміз – барынша көмек беруге тырысу, проблеманы жылдам пысықтап, шешім табу. Сіздер сала лидерлері ретінде проблемаларды жақсы білесіз. Бірлесіп, проблемаларды шешу жолдарын пысықтап, тиімдісін Үкіметке жеткізсек дейміз. Шаруалардың барлық проблемасы мен нақты шешу жолдарын біз жұмысқа қабылдауға дайынбыз», – деді Райымбек Баталов.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер