«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Өңірлік палатада даулы мәселені шешуде медиацияның тиімділігі айтылды

2023 жылғы 09 Маусым
- Ақмола облысы
8901 просмотров

Ақмола облысының кәсіпкерлер палатасының алаңында медиацияны дамыту мәселелері талқыланды. Бизнес, мемлекеттік органдар, сот инстанциялары өкілдерінің қатысуымен конференция өткізуге «Халықаралық келіссөздер академиясы» қауымдастығы» ЗТБ бастамашы болды.

Медиация дауларды шешудің балама әдістерінің ең көп таралған түрлерінің бірі екені белгілі. Процесс тараптардың қақтығыс деңгейін төмендетуге бағытталған және тараптардың татуласу туралы келісімді әзірлеу арқылы дауларды шешуді көздейді.

«Қазақстанда медиация тәсілі қарқын алып келеді. Осыған байланысты елдегі медиацияны дамыту перспективалары және оны қолдану саласы туралы жұртшылықты хабардар етудің шұғыл қажеттілігі туындап отыр. Бүгінгі конференция дәл осы мақсатта ұйымдастырылды», – деп атап өтті «Халықаралық келіссөздер академиясы» қауымдастығы» ЗТБ төрағасы Сабыржан Қалмұхамбетов.

Конференция спикерлері медиация арқылы сот істерін оңайлату, оны тұтынушылардың құқығын қорғаудағы кезең ретінде қолдану, сондай-ақ, ең бастысы, бизнестегі медиация туралы кең ақпарат берді.


«Медиацияны қолданудың негізгі факторларының бірі соттарға түсетін жүктемені азайту. Бүгінде бір судьяға айына 70-90 іс жүктеледі. Бұл ретте қабылданатын шешімдердің сапасы, олардың бизнес өкілдері, жалпы дауға қатысушылардың қанағаттануы көп нәрсені қалайды. Өңірлік конференциялар өңірдегі медиацияның жай-күйі туралы деректерді зерттеу, түйткілді мәселелерді анықтау, оларды шешу жолдарын іздеу мақсатында өткізіледі», – деп толықтырды «Халықаралық келіссөздер академиясы» қауымдастығы» ЗТБ төрағасының кеңесшісі Азамат Нұрлыбеков.


Айта кетейік, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мемлекеттік органдар мен бизнестің қатысуымен татуластыру рәсімдері саласындағы өзекті мәселелерді шешуге ықпал етеді.


«Атамекен» ҚР ҰКП қызметінің негізгі бағыттарының бірі – кәсіпкердің құқығы мен мүддесін қорғау. Бізге сотқа дейінгі тәртіпте шешетін осындай өтініштер жиі келіп түседі. Мұндай рәсімнің мақсаты тараптардың жанжал деңгейін төмендету және екі тарапқа да сәйкес келетін дауды шешудің осындай нұсқасына қол жеткізу. Алайда, кәсіпкерлік субъектілері сот істеріне жиі тартылады, мемлекеттік органдар бұл институтты елемейді. Соттардың қолымен дауды шешуге тырысады. Осылайша соттардың жүктемесі артады», – деп атап өтті Өңірлік палата директорының орынбасары Расул Сыздықов.


Еске салсақ, Ақмола облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының алаңында «Атамекен» ҰКП арнайы кабинеті жұмыс істейді. Оның жұмысы мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл барысында даулы жағдайлар туындаған кезде Өңірлік палата сарапшыларының бизнес субъектілеріне консультациялық-құқықтық көмек көрсетуге бағытталған. Өңірлік бизнес-омбудсмен кеңсесі мен кәсіпкерлер палатасы өкілдерінің қабылдауы аптасына екі рет өткізіледі.

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер