«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Бизнес-омбудсмен Ақмола облысының экономикалық даму динамикасына оң баға берді

2023 жылғы 16 Маусым
- Ақмола облысы
9328 просмотров

Бизнес-омбудсмен Рустам Жүрсінов Ақмола облысына жұмыс сапары барысында кәсіпкерлерді жеке қабылдады.

Өңірлік палата алаңында өткен жеке кездесу барысында бизнес-омбудсмен кәсіпкерлерден түскен он бір өтінішті қарады. Кәсіпкерлер мемлкекттік органдар тарапынан орын алатын қысымға, шенеуніктердің әкімшілік кедергі тудыратынына қатысты шағымданды.

Мысалы, «Курочка Ряба» ЖШС өкілдері Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің облыстық департаменті қызметкерлерінің әрекетіне шағымданды. Өткен жылдың желтоқсан айында Департамент Кәсіпкерлік кодекс нормаларының бұзылу нышандары барын, яғни бірінші санаттағы тауық жұмыртқасы бағасының көтерілгені туралы аталмыш ЖШС-не және де жұмыртқа өндірумен айналысатын өзге де кәсіпорындарға хабарлама жіберіп, бағаны негізделген деңгейге дейін төмендету қажет екендігін ескерткен. «Шаңырақ» - «Курочка Ряба» ЖШС компаниялар тобының заң басқармасының бастығы Шолпан Жармағамбетованың айтуынша, компания департаментке тиісті негіздемеге сүйеніп, наразылық жібергеніне қарамастан, кәсіпорынның қызметіне қатысты тергеу жүргізу туралы бұйрық шығарылған.

Компания Ақмола облысының МАӘС-на жоғарыда көрсетілген хабарлама мен бұйрықты жарамсыз деп тану туралы талап-арыз жіберді. Алайда, соттың ұйғарымымен серіктестікке талап-арызды қайтарып беріп, бұл хабарламалар мен бұйрық әкімшілік актілер болып табылмайды деген уәж айтады.

Бұған дейін мемлекеттік орган өз хатында ҚР ӘРПК 91-бабына сәйкес серіктестік бұрын шығарылған хабарламаға шағымдануға құқылы екенін хабарлаған еді. Осы уақытта Ақмола облысының МАӘС тергеу жүргізу туралы бұйрыққа шағым түсіру туралы істі қайта бастаған, кейін компанияның бұйрықты заңсыз деп тану және оның күшін жою туралы талап-арызын қанағаттандырудан бас тартады.

Компания заңгерінің айтуынша, мемлекеттік орган олардың дәлелдерін елемегенімен қоймай, хабарламаларға шағым түсіру құқығы туралы кері байланысты дұрыс жүргізбей отыр. Бұл ретте мемлекеттік орган ұйымның әлеуметтік маңызы бар тауарларды өндіретінін тіпті ұмытқан тәрізді, тексеру жүргізіп, әкімшілік шара қолдануда. Сот сатысы да, мемлекеттік орган да осы салада компанияны қорғауды көздейтін комплаенс актісінің бар екенін ескермейді.

«Мұны қылмыс деуге болады. Былтыр «Енки» компаниясы осындай жағдайға тап болған еді, монополияға қарсы қызмет кәсіпорын қызметіне елеулі кедергілер тудырған болатын. Дәл сондай жағдай орын алған, мемлекеттік орган мен компания арасында диалог жоқ, бұл тәжірибе алаңдатпай қоймайды. Бұл мәселені орталық деңгейде көтеретін боламыз», - деді бизнес-омбудсмен.

Жеке кәсіпкер «Сақтағанов А.Ж.» мәселесіне келсек, объектіні пайдалануға беру актілерін есепке алу кезінде облыстық Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы кәсіпкердің өтінішін қанағаттандырудан бірнеше рет бас тартты. ЖК өкілі Павел Павловскийдің айуынша, мемлекеттік орган бірқатар әкімшілік кедергі тудырды, әуре-сарсаңға салып, қосымша талаптар қойды, нәтижесінде кәсіпкер қаншама уақытын сарп еткенімен қоймай, қаржылық шығынға батты. Кәсіпкердің қолында барлық тиісті рұқсат қағаздары бар.

Рустам Жүрсінов Өңірлік палата мен Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының сарапшыларына келіссөздер жүргізуді тапсырды. Сонымен қатар, мемлекеттік органға қолданыстағы заңнамада көзделген салыстырып тексеру жүргізу тәртібін қамтамасыз ететін нақты алгоритм әзірлеуді ұсынды.

«Новопэк» ЖШС бас директорының орынбасары Омар Шоназаров полимер саласын дамытудағы проблемалық мәселелермен бөлісті. Компания ЕАО-ға қатысушы елдер аумағындағы ірі өнеркәсіптік кешендердің бірі, ол вагон төсемдерін, сусымалы материалдарға арналған жұмсақ контейнерлерді, қапшықтарды дайындайды. Компания полимерлік қаптама нарығында көшбасшы болып табылады.

Сусымалы материалдарға арналған қапшықтар мен жұмсақ контейнерлер өндірісі өнеркәсіптің маңызды құрамдас бөлігі, дегенмен Қазақстан тек 40% ішкі өндіріспен қамтамасыз етілген.

«Бұған себеп: Қытайдан сұр импорт әкелінсе, дайын өнім төмен бағамен Түркіменстаннан әкелінеді. Сондықтан дайын өнімнің бағасы біз «Нефтехим» АҚ-нан сатып алатын шикізаттың бағасынан төмен. Өндірістік алаңдар орналасқан жер учаскелері арнайы экономикалық аймаққа айналдырылмаған. Басқа компаниялар өндірісте қажет шикізат ретінде пайдаланатын сұйытылған мұнай газының тиісті ай сайынғы көлемін ала алмай отыр. Полимерлік қаптама нарығының болашағы айтарлықтай, қазірдің өзінде экономиканың маңызды сегментіне айналды, өйткені полипропилен көптеген қызмет салаларының ажырамас бөлігі болып табылады. Одан жасалған бұйымдар тамақ өнеркәсібінде, құрылыс индустриясында, мұнай өңдеу шаруашылығында, күнделікті өмірде қолданылады», - дейді Омар Шоназаров.

Оң нәтиже болған жағдайда компания Шымкент қаласында ұқсас кәсіпорын салуды жоспарлап отыр. Онда жұмыс орын саны 1200-ден 6000-ға дейін артатын еді.

Компания өкілі компанияға мемлекеттік қолдау көрсету мүмкіндігін қарастыруды ұсынады, атап айтқанда, субсидиялау, отандық полимерлік қаптама өнімдерін өндірушілер үшін полипропиленге арнайы баға бекіту қажет.

Сондай-ақ кәсіпкерлер бизнес-жобаларын іске асыру барысында тап болатын қоғамдық көлік, туризм, мектепке дейінгі білім беруді дамыту сияқты салалық проблемаларды тілге тиек етті.

«Бүгін өңірлік палата алаңында әртүрлі сипаттағы күрделі мәселелерді талқыладық, бұл мәселелерді әрі қарай жұмыс барысында терең зерттеп қараймыз. Сонымен қатар, облыс басшысымен кездестім. Бизнестің өзекті мәселелерін шешу үшін мемлекеттік органдар тартылады. Мен айтарлықтай динамиканы көріп тұрмын: бизнес субъектілерінің саны, инвестиция көлемі артқан. Біз үшін бұл өте маңызды көрсеткіш, бұл бизнестің болашаққа деген сенімін көрсетеді», - деді Рустам Жүрсінов.

Дәл осы күні бизнес-омбудсмен Ақмола облыстық сот төрағасымен, облыс прокурорымен, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің басшысымен кездесті, сындарлы әңгіме болды, ынтымақтастық әрі қарай да жалғасын табары сөзсіз.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер