«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Елорда маңындағы елді мекендердегі жеке балабақшаларда орын саны артады

2023 жылғы 09 Тамыз
- Ақмола облысы
16374 просмотров

Ақмола облысы кәсіпкерлер палатасының өңдеу өнеркәсібі, білім беру және денсаулық сақтау салалық кеңестерінің бірлескен отырысында мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуда мемлекеттік білім беру тапсырысын қаржыландыру мәселелері қаралды.

Астанаға жақын елді мекендер жылдан жылға қарқыны дамып келеді. Целиноград ауданы мен Қосшы қаласында халық санының өсуімен мектепке дейінгі ұйымдарда қосымша орындарға қажеттілік артқан. Қазіргі кезде Целиноград ауданында 58 балабақша (12 мемлекеттік, 46 жекеменшік), Қосшы қаласында – 31 балабақша (2 мемлекеттік, 29 жекеменшік) жұмыс істейді. Ақмола облысында барлығы 259 балабақша бар (122 мемлекеттік, 137 жекеменшік), 30 426 бала қамтылған.

Салалық кеңестің отырысы барысында осы елді мекендердегі жекеменшік балабақшалардың өкілдері мектепке дейінгі тәрбие мен оқуға мемлекеттік тапсырысты қаржыландыру мәселелерін көтерді. Еске салсақ, бюджет қаражатынан мемлекет балалардың нақты болуына мектепке дейінгі тәрбие мен оқуға арналған қызметтердің құнын, ал ата-аналар – тамақтану шығындарын және басқа да қосымша қызметтерді төлейді.

«Жеке балабақша иелері балаларға арналған орындардың санын көбейту үшін бюджеттен қаражат іздеуді сұрайды. Целиноград ауданында – 342 орынға, Қосшыда –193 орынға қажеттілік бар. Сондай-ақ, осы елді мекендердің кәсіпкерлері мемлекеттік тапсырысты орналастыру жөніндегі шарттық қатынастар осы жылдың соңына дейін ұзартыла ма деп алаңдайды. Өйткені, барлық жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдармен мемлекеттік тапсырысты орналастыру туралы шарттар осы жылдың 30 қыркүйегі мен 31 қазанына дейін ғана жасалған», – деді Қазақстан үздіксіз білім беру қауымдастығының облыстық филиалының директоры Шолпан Өтегенова.

 

Салалық ведомство өкілдері алаңдауға негіз жоқ деп сендірді. Келісімшарттарды осы жылдың соңына дейін ұзарту көзделген.

 

«Балабақшаларда қосымша орындарға қаржыландыру да ескерілді. Барлық рәсім, әрине, қолданыстағы заңнама шеңберінде сақталатын болады», – деп атап өтті облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Валерий Гамазов.


Сондай-ақ, кездесу барысында жекеменшік балабақшалардағы педагогтардың еңбекақысын 30%-ға арттыру мәселелері талқыланды.

 

«Естеріңізде болса, білім министрлігі Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдар қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындар қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесіне түзетулер жобасын әзірледі. Жоба 2023 жылғы 1 қыркүйектен бастап мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту педагогтерінің лауазымдық жалақысы белгіленген мөлшерге 1,3 түзету коэффициентін қолдана отырып айқындалатынын көздейді. Барлық көтерілген мәселелерді біз хаттамалық түрде тіркедік және олардың орындалуына мониторинг жүргізетін боламыз», - деді Өңірлік палатаның адами капиталды дамыту басқармасының басшысы Динара Бұлғаева.

 


 


 


 


 


 


 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер