«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Көкшетауда инвесторлармен кездесу өтті

2023 жылғы 14 Қыркүйек
- Ақмола облысы
15632 просмотров

Кездесуді облыс прокуратурасы ұйымдастырды. Басты мақсат -мемлекеттік аппараттың бизнес-қоғамдастықпен сенімді өзара іс-қимылын қалыптастыру. Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Азамат Тайжанов, өңірлік кәсіпкерлер палатасы, басқа да салалық ведомстволардың өкілдері, сондай-ақ құқық қорғау органдарының басшылары қатысты.

Кез келген аймақтың экономикасына инвестиция салудың рөлі зор. Сонымен қатар, инвестиция ағыны көптеген факторға, соның ішінде кәсіпкерлердің одан әрі экономикалық перспективаларды кешенді бағалауына байланысты.

Жиында Ақмола облысының прокуроры Айдос Майлыбаев кәсіпкерлерді қолдау және прокуратура органдары талап ететін инвестициялық жобаларды сүйемелдеу туралы айтты. Мысалы, өңірде ет өнімдерін өндіру бойынша кешен салу жөніндегі ірі жобаны іске асыру кезінде инвестордың алдында тұрған кедергілер туралы айтылды. Жоба құны 127 миллион еуродан асады деп бағаланды.

«Инвестициялық жобаны іске асыру үш жылға жуық уақытқа созылды. Негізгі себептер - жер учаскелері, құрылысқа рұқсат құжаттарын алу мүмкін еместігі. Инвесторлар өз жұмысын прокуратураның араласуынан кейін ғана бастады. Міндеттер қойылды, прокуратура тарапынан инвестициялық жобаларды сүйемелдеу жалғастырылады», - деп атап өтті Айдос Майлыбаев.

Өз кезегінде, кездесуге қатысқан инвесторлар бизнес-климаттың жақсарғанын атап өтіп, сонымен бірге өңірдегі инвестициялық жобалардың қалыпты іске асырылуына кедергі келтіретін бірқатар проблеманы атап өтті. Бұл - әлеуетті инвесторларға қойылатын жоғары талаптар, жобаларды іске асыру кезіндегі тәуекелдер, инвестициялық қызметті мемлекеттік реттеу, жергілікті атқарушы органдарды жобаларды ілгерілетуге құлықсыздығы.

«Инвестордың сүйемелдеуімен байланысты қолдау ақпараттық, консультациялық және басқа да компоненттерді қамтиды. Оның ішінде бұл шешім қабылдайтын билік органдары және басқа да салалық ұйымдармен жылдам өзара іс - қимыл жасау мүмкіндігі», - деп санайды «Ақмола облысының туризм және демалыс қауымдастығы» ҚБ төрағасы Қайрат Сұлтанов.

«Жалпы алғанда, көтерілген мәселелер әдетте жүйелі сипатқа ие. Жергілікті жерлерде инвестициялық тартымдылықты іске асыру үшін біз орталық мемлекеттік органдарға, өкінішке қарай, бірнеше жыл бойы қабылданбаған «Мемлекеттік меншіктен жер учаскелерін беру үшін инвестициялық жобаны айқындау қағидаларын» енгізуді жеделдетуді ұсынамыз. Бастамашы Сыртқы істер министрлігі жанындағы Инвестициялар комитеті», - деп атап өтті Ақмола облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Ерқанат Мұсылманбек.

Кездесу барысында кәсіпкерлік субъектілерін қылмыстық қудалауға тарту және осы жылдың 12 қыркүйегінде бизнес өкілдерімен өткен кеңесте Мемлекет басшысы айтқан адалдық презумпциясын сақтау мәселелері талқыланды. Аталған әрбір мәселе облыс прокуратурасының қамқорлығымен фронт-офис жұмысы шеңберінде шешілетіні атап өтілді.

 

 

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер