«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Өңірлік палата инвестор ретінде әрекет ететін кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі жұмысты жалғастырып жатыр

2024 жылғы 07 Ақпан
- Ақмола облысы
14238 просмотров

Еске салсақ, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес әрбір маңызды инвестициялық жобаға прокуратура органдары тарапынан сүйемелдеу қажет. Осыған байланысты уәкілетті органдар мен инвесторлар арасындағы өзара іс-қимыл жөніндегі бірлескен іс-шаралар жоспары әзірленіп, бекітілді. Сондай-ақ, өңірлік кәсіпкерлер палаталары жұмысқа тартылды.

Ақмола облысында инвестициялық жобаларды сүйемелдеу жұмыстары өткен жылдың шілдесінде басталды. Облыстық прокуратура алаңында фронт-офис құрылды. Оның құрамына «Атамекен» ӨКП, «KAZAKH INVEST «ҰК» АҚ, ҰҚКД, ЭАР, кәсіпкерлік және өнеркәсіп облыстық басқармасы, бәсекелестікті қорғау және дамыту жөніндегі облыстық департаменттің өкілдері кірді.
Жұмыс тобы құрылған күннен бастап инвесторлар мәселелері бойынша 7 отырыс өткізілді, ірі инвестициялық жобалардың тізбесі айқындалды. Айта кетейік, бүгінде өңірде 67 инвестициялық жоба бар, соның ішінде 19 ірі жоба, бюджеті 2 млн АЕК-тен асады.

Мысалы, екі тараптың ынтымақтастығымен «Big Farm» (Ақмола облысында сиыр производ өндіру бойынша агроөнеркәсіптік кешен құрылысы) компаниясының жобасын іске асыруды бастапқы нүктеден ілгерілетуге мүмкіндік туды. Жобаны жүзеге асыру үшін қолайлы жер учаскесінің болмауы проблема болды. Фронт-офис өкілдері проблеманы шешу үшін Ерейментау ауданына барды. Бүгінгі таңда инвесторға жер пайдалану құқығы берілді, жобалық-сметалық құжаттама әзірленді, жобаны іске асыру басталды.
Тағы бір мысал. Щучье-Бурабай курорттық аймағында жалпы құны 3,3 млрд теңге болатын 150 жұмыс орнын құра отырып, балалар сауықтыру орталығының құрылысы жүріп жатыр. Алайда, құжаттарды ресімдеу кезінде инвестор - «Seven Development» ЖШС-жерге мемлекеттік актіні алудан бас тартты. Фронт-офис отырысы мен кәсіпкермен кездесуден кейін уәкілетті орган жерге құқық белгілейтін құжат берді. Жобаны іске асыру жалғасып жатыр.
Айта кетейік, осы жылдың 22 қаңтарында өткен инвесторлармен кеңейтілген отырыс барысында инвесторлар алдында тұрған түйткілді мәселелер - жердің болмауы, дамымаған инфрақұрылым, техникалық шарттар беру және т. б. мәселелер айтылды.

«Жалпы жер учаскесін бөлу бойынша көтерілетін мәселелер жүйелі сипатқа ие. Дәстүр бойынша, өңірлік палатаға жүгіну құрылымында жер мәселелері басым, олар 33 пайызды құрайды. Өкінішке қарай, әкімшілік кедергілерді құратын кейбір мемлекеттік органдар тарапынан репрессиялық сипат сақталуда. Ең өзекті мәселелердің бірі — Жер ресурстарын басқару облыстық департаментінің мәселелері. Атап айтқанда, аумақтарды дамыту бағдарламалары бойынша жер пайдалану құқығын алған және бұл ретте мемлекеттік органдар тарапынан қолдау таппаған агробизнес субъектілерінің проблемалары. Фронт-офистің «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясындағы жұмысы бизнес өкілдерінің мемлекеттік органдарға деген сенімін арттыруға ықпал ететініне сенімдімін», - деп атап өтті Ақмола облысы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Расул Сыздықов.


Еске салсақ, Қазақстанның инвестициялық штабының шешімдері бұдан былай шенеуніктер үшін де, бизнес үшін де орындалуы міндетті. Атап айтқанда, 2023 жылғы 13 желтоқсанда инвестициялық штаб отырысында мемлекеттік органдарға, жергілікті атқарушы органдарға, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор субъектілеріне заңнамалық регламенттеуге дейін қызметін тоқтата тұруға байланысты инвесторларға қатысты тыйым салу-шектеу сипатындағы шараларды прокуратура органдарымен келісу тапсырылды.
Тыйым салу-шектеу сипатындағы шаралардың қатарына: 1) рұқсаттың немесе рұқсатқа қосымшаның қолданылуын тоқтата тұру, одан айыру (кері қайтарып алу); 2) рұқсаттың қолданылу мерзімін ұзартудан бас тарту; 3) мемлекеттік, оның ішінде бұрын инвестордың пайдасына шығарылған жергілікті атқарушы органның шешімінің күшін жою (кері қайтарып алу); 4) уәкілетті органның келісімшарттың немесе келісімнің біржақты тәртібімен бұзу жатады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер