«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Шымкенттік кәсіпкерлер Shymqala кешенін дамытуды талқылады

2024 жылғы 12 Сәуір
- Шымкент қаласы
6741 просмотров

Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасында Туризм жөніндегі салалық кеңесінің отырысы өтті.

Кеңес төрағасы Дінмұхаммед Зиятбековтың модераторлығымен өткен жиынға Палата мамандары, Шымкент қаласы мәдениет, тілдерді дамыту және мұрағаттар басқармасы басшысының орынбасары Мөлдір Ундасинова, қалалық туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасының бөлім басшысы Азамат Нұрымбетов, Shymqala тарихи-мәдени кешенінің директоры Жандос Құрбан, Visit Shymkent туристік-ақпарат орталығының басшысы Ерлан Умаров, шымкенттік туристік бизнес және креативті индустрия өкілдері, кәсіпкерлер, қолөнершілер қатысты.

Күн тәртібінде Shymqala тарихи-мәдени орталығының тұжырымдамасын әзірлеу және дамыту мәселесі талқыланды. «Шымкент креативті индустриясы» заңды тұлғалар бірлестігі төрағасының орынбасары Анна Зарубина бастаған креативті индустрия өкілдері тарихи-мәдени кешенді дамыту мәселелері бойынша өз ұсыныстарын білдірді.

Үшінші мегаполистегі турістік бизнес өкілдері, атап айтқанда «Sabrina Travel» ЖК басшысы Нұргүл Қобланова, Ромэлла Гранитқызы және «CIT Travel» ЖШС басшысы Светлана Дмитриевна тарихи-мәдени орталық туристік нысандардың стандарттарына сәйкес келгеннен кейін цитадельді жергілікті және шетелдік туристермен қамтамасыз етуге дайын екендерін жеткізді.

Жауапты мамандар бизнес-қауымдастықтың бастамаларын қолдап отыр.

«Шымкент қаласының туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасы мен мәдениет, тілдерді дамыту және мұрағаттар басқармасына өзара бірлесіп Shymqala цитаделінің инфрақұрылымдық жоспарын әзірлеуды ұсынамын. Ал бизнес өкілдері кешенді болашақ дамыту жобасы бойынша өз ұсыныстарын білдіре алады. Сонымен қатар, цитадельге қоса «Креативті хаб» және «Москот бренд» жобалары әзірленуде, туристік бизнес өкілдерін осы бағыттар бойынша өз ұсыныстарын енгізуге шақырамын», – деді қалалық туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасының бөлім басшысы Азамат Нұрымбетов.

Туризм салалық кеңесінің төрағасы Дінмұхаммед Әбдірбекұлы кәсіпкерлерге, атап айтқанда Шымкент қаласының креативті индустриясының өкілдеріне осынау цитадельдің дизайны жобасын әзірлеуді ұсынды.

Кәсіпкерлер бұл ұсыныстарға және жергілікті атқарушы органдармен бірге әрекет етуге дайын екендерін білдірді.

Жиын қорытындысы бойынша Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасымен бірге Shymqala тарихи-мәдени кешенін дамыту тұжырымдамасы және басқа да жобалар бойынша кәсіпкерлердің ұсыныстарын жинақтау туралы шешім қабылданды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер