«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Тәжікстан Сауда-өнеркәсіп палатасының делегациясы Ақмола облысына келді

2024 жылғы 26 Маусым
- Ақмола облысы
7794 просмотров

Бұл кездесу Тәжікстан Республикасының Сауда-өнеркәсіп палатасы және «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бірлесіп іске асыратын «Орталық Азиядағы экономикалық өсу секторлары үшін кәсіптік білім беру» GIZ Герман халықаралық қоғамының халықаралық тандемдік жобасы шеңберінде өтті. 

Бүгін ТР Сауда-Өнеркәсіп палатасының делегациясы Бурабай ауданында болды. Сапар мақсаты – Қазақстан мен Тәжікстанның кәсіпкерлері үшін маман дайындау саласында тәжірибе және озық тәжірибелермен алмасу. Сапар аясында Ақмола облысы кәсіпкерлер палатасының Щучинск қаласындағы филиалының алаңында өңірлік палатаның Тәжікстан Соғды және Хатлон облыстарының сауда-өнеркәсіп палаталарымен ынтымақтастығы туралы меморандумға қол қойылды. Сондай-ақ, делегация дуальды оқытудың қатысушылары саналатын кәсіпорындар –  «Азия Котломаш» ЖШС және «Wyndham Garden Burabay» қонақ үйіне барды. 

«Екінші жыл қатарынан біз «Атамекен» ҰКП-мен ынтымақтастықты жалғастырып келеміз. Біздің бірлескен жобамыздың бірінші бөлігі мультипликативті әсер, жол картасын әзірлеуге бағытталған болса, қазір біз дуалды білім беру шеңберінде тәлімгерлік институтын құруға бет бұрдық. Дуальды білім беру – заңнамалық деңгейде шешім қабылдау сатысында болған кезде біз үшін мүлдем жаңа бағыт. Бүгінгі сапар біз үшін жұмыс сапасын жақсарту және бүкіл Орталық Азия өңірінде мол тәжірибесі бар ұйымыңыздағы әріптестеріңізден жаңа білім алудың ең тиімді тәсілдерінің бірі ретінде үлкен маңызға ие. Бұл алмасу палаталарымыз бен жалпы елдер арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік беретініне сенімдіміз», - деді Душанбе қ. СӨП төрағасының орынбасары Адолат Мирзошоева. 


Өз кезегінде «Атамекен» ҰКП Адами капиталды дамыту департаменті директорының орынбасары Ләззат Шонаева дуальді білім беру қазіргі кезде ең өзекті мәселелердің бірі екенін атап өтті. 


 «Атамекен» ҰКП құрылған күннен бастап GIZ «Орталық Азиядағы экономикалық өсу секторлары үшін кәсіптік білім беру» ұйымымен тығыз байланыста жұмыс істейді. Біз бүгінгі таңда Еуропалық кеңістікте, атап айтқанда Германияда жұмыс істейтін дуальды білім берудің негізгі, өзекті моделін жасай алдық. Бүгінгі таңда «Атамекен» ҰКП базасында Дуальды оқытумен қамтылған 7 мыңнан астам кәсіпорын бар. Өткен жылы GIZ тандемдік жобаны іске асырудың басталғаны туралы жариялады, осыған байланысты Тәжікстанның СӨП адами капиталды дамыту бойынша ынтымақтастық пен тәжірибе беру туралы ниетпен бізге жүгінді», - деп атап өтті Ләззат Шонаева. 


Ақмола облысы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Гүлден Хаметованың айтуынша, бүгінде өңірде 5364 студентті қамти отырып, 58 мамандық, 78 біліктілік бойынша 8 салада 801 кәсіпорын мен 26 колледж дуальді оқытумен қамтылған. 


«Алғашқы 382 шарт 2016 жылы 78 кәсіпорын мен 16 колледжді қамтитын 10 мамандық, 16 біліктілік бойынша жасалды. Осы уақыт ішінде дуальді оқытуға қатысушы кәсіпорындардың саны 10 есеге өсті, ал мамандықтар спектрі 6 есеге жуық кеңейді. Жұмыс берушілермен тығыз қарым-қатынас жасау арқылы білім беру бағдарламалары бизнестің өзекті қажеттіліктеріне бейімделеді. Студенттер теориялық білімді ғана емес, сонымен қатар белгілі бір кәсіпорында жұмыс істеу үшін қажетті практикалық дағдыларды алады. Ал кәсіпорындар, өз кезегінде, оқу процесінде де өздері үшін жұмысшы кадрларды таңдай алады», - деді Гүлден Хаметова. 


Кездесу барысында тараптар бизнес үшін кадрлар даярлау саласындағы озық тәжірибелермен ғана емес, сонымен қатар кәсіпкерлерді бизнестің кадрлық әлеуетін дамыту саласына тарту механизмдерімен де алмасты. Әрине, іс-шара ТР СӨП және «Атамекен» ҰКП ынтымақтастығын нығайтады, кәсіптік білім беру сапасын одан әрі дамыту және арттыру үшін маңызды шара болады.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер