«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Жергілікті өндірушілер басымдыққа ие болуы керек

2024 жылғы 30 Шілде
- Ақмола облысы
7887 просмотров

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру мәселелері Ақмола облысының кәсіпкерлер палатасында жұмыс істейтін құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және өңдеу өнеркәсібі салалық кеңестерінің бірлескен отырысында талқыланды.

Кездесуге салалық мемлекеттік органдар, экономикалық тергеу департаменті, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет, қала прокуратурасы, «Самұрық-Қазына» АҚ, жиһаз және ағаш өңдеу өнеркәсібі қауымдастығының өкілдері, сондай-ақ мердігер ұйымдар, жиһаз өнімдерін өндірушілер қатысты.

Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Нияз Байғожиннің ақпараты бойынша, бүгінде Ақмола облысының алты өңірінде (Көкшетау, Қосшы, Аршалы, Бурабай, Шортанды, Целиноград аудандары) ұлттық жоба шеңберінде 22 600 оқушыға арналған 18 мектеп салу жоспарланған. 2023-2024 жылдары жобалық қуаты 12200 орындық 9 мектеп (Целиноград ауданында - 9200 орындық 7 мектеп, Көкшетау қаласында — 3000 орындық 2 мектеп) салу көзделген. Аталған объектілер бойынша жұмыстарды «Қазстройподряд» ЖШС (Астана қ.), «BI GLobal» ЖШС (Астана қ.), «ИНТЕГРО Construction KZ» ЖШС (Астана қ.), «КГС Сауда» ЖШС (Көкшетау қ.), «УК Строй» ЖШС (Көкшетау қ.) атты бес мердігер ұйым орындайды.

Кездесу барысында жобаны іске асыру мерзімдерінің бұзылуына жол бермеу мәселелері талқыланды. Ақмола облысының отандық тауар өндірушілерін тарту мүмкіндіктері қарастырылды. Қазіргі кезде мектептердің дайындық пайызы әртүрлі. Мысалы, Ақмол ауылында мектеп ғимараты 69%-ға, Көкшетауда бір мектеп ғимараты 21%-ға, екіншісі – 17%-ға тұрғызылды. Алайда, қазіргі уақытта жергілікті тауар өндірушілерді қолдау басты назарда. Өздеріңіз білетіндей, жобаның маңызды басымдықтарының бірі тауарлар мен қызметтерді өндіретін отандық кәсіпкерлерді қолдау. Білім министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, салынып жатқан мектептерді жарақтандыру үшін жиһаз бен жабдыққа қажетті техникалық сипаттамаларды айқындады. Жоспар бойынша жиһаздың 95%-ын, жабдықтар мен мүкәммалдың 60%-ын, құрылыс материалдарының 65%-ын отандық өндірушілерден сатып алынуы тиіс.

Сонымен қатар, ақмолалық жиһаз өнімдерін өндірушілер мердігер ұйымдарды таңдауға наразы. Олардың пікірінше, конкурстар барысында еліміздің басқа өңірлерінің өндірушілеріне артықшылық беріледі.

«Біздің компания нарықта 25 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келеді. «Жайлы мектеп» жобасы экономикалық өсуге үлкен мүмкіндіктер беретіні қуантады. Алайда, бүгінгі таңда құрылыс компаниялары қандай да бір себептермен қажетті көлемде тапсырыс алмаған жергілікті өндірушілерге қызығушылық танытпай жатқанын көріп отырмыз", - деп шағымданады «Kazyna SR» ЖШС бас директоры Сайра Матайбаева.

Республикалық жиһаз және ағаш өңдеу өнеркәсібі қауымдастығының президенті Қанат Ибраевтің айтуынша, бұл жүйелі мәселе.

«Арзандату үшін құрылыс салушылар жергілікті жиһаз жасаушыларды елемейді. Жиһаз басқа аймақтардан әкелінеді, ал біздің жергілікті кәсіпорындар банкроттықтың алдында тұр. Мұндай фактілерге жол бермеу керек, шетелдік өнімді пайдалануға мониторинг жүргізу және айыппұл санкцияларын енгізу қажет», - деп атап өтті Қанат Ибраев.

Кеңес жұмысының қорытындысы бойынша тиісті ұйымдар отандық тауар өндірушілерді тарту және «Жайлы мектеп» жобасын іске асыру шеңберінде жергілікті қамту үлесін ұлғайту туралы ұсынымдар берді.


«Біз құрылыс компаниялары ретінде әрекет ететін мердігерлік ұйымдарға жергілікті өндірушілердің атынан коммерциялық ұсыныстар жіберіп, олармен ынтымақтастықты қарастыруға шақырдық. Мердігер компаниялар мен жергілікті жиһаз өндірушілер арасында жемісті байланыс орнатуға бағытталған қосымша кездесуді жоспарладық», - дейді ӨКП директоры Ерқанат Мұсылманбек.


Құрылыс және ТКШ салалық кеңесінің төрағасы Мұхтар Есенов жергілікті тауар өндірушілердің тізілімін жобалау сатысында пайдалануды, олардың сәйкестігін автоматты түрде тексеруді ұсынды.


«Бұл шара тапсырыс берушілер мен жиһаз жеткізушілері арасындағы уағдаластықтарға қол жеткізу үшін тұрақты жиналыстар шақыру қажеттілігін болдырмайды, сондай-ақ жобаның неғұрлым тиімді және жүйелі орындалуын қамтамасыз етеді», - деп санайды салалық кеңестің төрағасы.

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер