«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Атырауда Өңірлік кеңеске сайлау тәртібін түсіндіру мақсатында ауыл кәсіпкерлерімен кездесу жалғасуда

2024 жылғы 17 Желтоқсан
- Атырау облысы
1472 просмотров

Кезекті көшпелі кездесу Индер ауданында өтті.

Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Сүйінбаев өз сөзінде Индер аудандық кеңесінің мүшелеріне Өңірлік кеңес сайлауын өткізу мен делегаттарды іріктеудің негізгі ережелерін түсіндірді. Ол салалық және аудандық кеңестер кәсіпкерлік мәселелерін шешуде тиімді құрал екенін баса айтты. Осыны ескере отырып, биылғы жылы сайлау тәртібіне тиісті өзгерістер енгізілді.

«Ережеге сәйкес, Өңірлік кеңеске делегаттарды сайлау аудандық және салалық кеңестерінің құрамына кіретін кәсіпкерлік субъектілерінің тікелей дауыс беруі негізінде өткізіледі. Үміткерлер салалық және аудандық кеңестер мүшелерінің арасынан, сондай-ақ ӨКП аккредиттелген бірлестіктердің бірінші басшылары немесе мүшелері арасынан сайланады. Өңірлік кеңес сайлауына қатысу үшін құжаттарды қабылдау 18 желтоқсанда басталып, 10 күнге созылады. Сайлаудың өзі 2025 жылдың қаңтар айының соңында өтеді», - деді Нұрлан Сүйінбаев.

Аудандық кеңес мүшелері жаңартылған сайлау тәртібін мақұлдап, делегат таңдау мәселесіне жауапкершілікпен қарауға уәде берді, өйткені ол алдағы уақытта Индер ауданындағы кәсіпкерлердің мәселелерін шешуге атсалысып, өз үлесін қосуы тиіс.

«Сайлау алдағы төрт жылда жергілікті кәсіпкерлердің мүддесін қорғайтын жаңа Өңірлік кеңесті қалыптастырудың маңызды кезеңі болып табылады. Сондықтан сіздердің белсенділіктеріңіз бен қызығушылықтарыңызға сенеміз», – деп түйіндеді сөзін Кәсіпкерлер палатасының басшысы.

Айта кету керек, мұндай түсіндіру кездесулері Атырау облысының барлық аудандарын қамтымақ.
 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер