«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Қолдаудың орнына кері тартып...

2016 жылғы 06 Қыркүйек
- Ақмола облысы
5488 просмотров

Өңірлік палата сарапшылары араласқаннан кейін мемлекеттік орган кәсіпкерге тиісуін тоқтатты

«Былтыр кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру үшін Бурабай ауданының жер қатынастары бөлімімен жер телімін жалға алу жөнінде келісімшарт жасаған едік, алайда жақында жерлерді пайдалану және қорғауды бақылау басқармасы осы келісімшартты жарамсыз деп тануға шағым түсірді», – дейді «Жасыл Ел-Group» ЖШС директоры Руслан Асылбеков. Ведомство өкілдері олардың мұндай қадамға баруын Ақмола облысы Жемқорлыққа қарсы қызметінің саудадан тыс (аукцион) жер телімдерін беру деректерін зерттеумен байланыстырған.   

«Жасыл Ел-Group» ЖШС Щучинск қаласында көшет (көк шыршалар, қарағайлар, боз арша, талшын, спорттық газон) өсірумен шұғылданады. Өңірлік үйлестіруші кеңес отырысы барысында жоба инвестициялық жоба ретінде жүзеге асырылатыны айтылған. Демек, өңір экономикасын дамыту бойынша болашағы бар іс болып саналады.

Жер телімін кәсіпкердің пайдалануына беру үшін қажетті құжаттардың барлығы бизнес иесінің қолында бар. Сонымен қатар, келісімшартта жобаның инвестициялық екені (Щучинск қаласы әкімінің шешімімен) көрсетілген. Ескере кетер жайт, ҚР Жер заңының 48-бабына сәйкес, «қолданысқа берілмеген, мемлекеттік жер меншігіндегі жер телімдерін беру немесе жалға беру құқығы сауда (байқау, аукцион) арқылы жүзеге асырылады, тек жер телімі инвестициялық жобаны жүзеге асыру мақсатында берілген жағдайларда ғана жер телімі саудаланбайды». Алайда, аталған деректі елемеген шенеуніктер шағым түсіруді жөн көрген.

Палата заңгерлері лауазымды тұлғалар ҚР Кәсіпкерлер кодексінің қолданыстағы ережелерін көп жағдайда  ескермейтінін алға тартады. Естеріңізге сала кетейік, кәсіпкерлік субъектілерін дамыту және ынталандыру мақсатында мемлекет, кәсіпкерлік бастамаларды жүзеге асыру үшін қолайлы жағдай туғызуды көздейтін құқықтық, экономикалық, әлеуметтік жағдайлар мен кепілдердің кешендік әдісін қолға алуда.  Осы орайда, ӨКП сарапшылары басқарма бизнес субъектісіне барынша қолдау көрсетуі тиіс еді дейді.

Нәтижесінде, Ұлттық палатаның тынбай жазған өтініштерінен кейін, басқарма өз шағымын қайтарып алды, ал кәсіпкер өз ісін әрі қарай дамытуға мүмкіндік алды. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер