«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Ақкөл: Жаңа туристік Мекке ме?

2016 жылғы 04 Мамыр
- Ақмола облысы
14229 просмотров

Ақмола облысы Ақкөл қаласындағы «WAKE UP – 2016» халықаралық инвестициялық форумы барысында 10-нан аса  жоба ұсынылды

Форумды ұйымдастырушылар – «Ақкөл қаласының туризмін дамыту орталығы» мен «Атамекен» ҚР ҰКП мүдделі тараптармен тиімді ынтымақтастық орнату, конструктивті тәжірибе және идея алмасудың ашық алаңын құру мақсатын көздейді. Қатысушылардың қатарында мемлекеттік органдардың, туристік саланың, қоғамдық бірлестіктердің және БАҚ өкілдері болды.

Ел астанасына қашық емес Ақкөл қаласы үшін халықаралық Алматы-Петропавл-Омск теміржол магистралі және Астана-Щучинск автобаны  географиялық жағынан тиімді.

Аталған фактор туралы АҚШ елшілігінің қоршаған орта, ғылым, технология және Орталық Азиядағы денсаулық сақтау жөніндегі өңірлік өкілі Робин Маккатчеон атап өтті. Ол Ақкөл қаласына бір емес, бірнеше рет велосипедпен қатынаған. Шетелдік қонақтардың айтуы бойынша Ақкөлдің туристік тартымдылығын арттыруға жағдай жасалса, өзінше бір Меккеге айналуға мүмкіндігі бар.

Ұйымдастырушылар «8 шың» атты қызықты жобамен таныстырды. «Bessen» ЖШС директоры Жанар Самбетова аталған жоба әлеуетті инвесторларды тартуға және туристердің санын арттыруға арналғанын айтты. Жоба аясында тау шаңғысы жолын, жаяу, атпен, велосипедпен серуендеуге арналған бағыттарды, сондай-ақ, SPA және шипажай-демалыс орындарын ұйымдастыру жоспарланып отыр. Астаналық агломерацияның ең көрнекті жерлерінің біріне айналғалы тұрған жобаға қазірдің өзінде қызығушылық бар. «SHALOM AQKOL» мәдени-ақпараттық агенттігі мен «Shefer Group» ЖШС бұл жобаға инвестиция құюға дайын.

Форумға қатысушылар дәстүрлі қалыптағы бірлескен туристік маршруттар, соның ішінде экскурсия, велосипедтік тур сынды түрлі туристік өнімдерді ұсынды.

Жекеменшік жер иелігін жаңғырту секілді қызықты ұсыныстар да болды. Жобаның жетекшісі Григорий Мошненконың пікірінше толыққанды экожүйені құру өзін-өзі реттеуге және тұрақты тіршілік ету мүмкіндігін арттыруға сеп болады екен.

«Жекеменшік жер иеліктеріндегі түрлі орман, бақ және жазық дала, бөгеттердің есебінен көз тартарлық кеңістіктерді құруға болар еді. Ондай бау-бақша алқаптары химияны немесе көп тыңайтқышты қажет етпейді», – дейді ол.

Бірақ, туризмнің әлеуметтік аспектілерін ұмытуға болмайды. Біздің пікірімізше, Ақкөл аймағында инклюзивті қонақ үй салу туралы жоба ерекше. Осы секілді ұйымдастырушылық жұмыстар талап қоя білетін және мүмкіндігі шектеулі жандардың әлеметтенуін, олардың қоғамға бейімделуін және нәтижелілігін арттырып, толықтай алғанда интеграциялық көрсеткіштердің нәтижесін жақсартады.

Ақкөл аймағының туризмін дамыту табандылықты қажет етеді және бұл жобалар бүкіләлемдік қолдауға ие болатынына сеніміміз мол. Туристік инфрақұрылым өңірлік туризмді дамыту арқылы ел экономикасын көтеруге  және өңірлік туризм арқылы Қазақстанның туристік индустриясын интегралдауға мүмкіндік береді.

Туризм басқармасының жетекшісі Шынарбек Батырхановтың сөзіне қарағанда, Ақмола облысындағы туристік сала тұрақты өсіп келеді. 2015 жылы Қазақстанға келген туристердің жалпы саны 1 миллион адамды құраған, оның ішінде 500 мың адам жаз мезгілінде Ақмола облысында демалып қайтқан. Туристік  саланың көрсеткен қызметі 4 миллиард теңгені құрап отыр.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер